«Тілім менің-тірлігімнің айғағы...»

Қордай аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинеті 2017 жылғы «Қазақстан халқы тілдері мерекесіне» ерекше дайындықпен келді. Оның басты себебі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басымдықтарды еңсеру және саналы, ойлы, зерделі, еңбекқор, нағыз ұлтжанды ұрпақтар легін қалыптастыру еді. Осы межелерге жету үшін ауқымды іс-шара жоспары бекітіліп, дарыны мен қабілеті қатар дамыған ізденімпаз шәкірттеріміз бен шығармашыл ұстаздарымыз біраз байрақты бәсекелерде бақ сынады. Шабыттанды, жеңіске ұмтылды, жеңді. Жеңіп қана қоймай, жеңудің жолын іздеді. Ең бастысы, ұлттық санасы мен рухы өсті. Біздің негізді көздегеніміз де осы еді.

Енді аз-кем байқауларымызға тоқталайық:

Қыркүйек айының 15-і күні №51 орта мектебінің базасында «Домбырам, жүрегіммен үндес едің...» Ақан Серінің 175 жылдық мерейтойына арналған оқушылар арасындағы аудандық домбырашылар байқауы ұйымдастырылып, оған 19 мектептен 25 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қолына қазақтың қасиетті қара домбырасын ұстаған қазақ балаларынан басқа, №1 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы, орыс қызы Шейкина Светлана қатысып, домбыраның құлағында ойнауы байқаудың ерекшелігі болды.

Байқаудан көрініс

Қыркүйек айының 16-ы күні Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимзазиясының базасында «Жаңғыру бағытындағы мемлекеттік тілдің рөлі мен ағылшын тілінің қажеттілігі» тақырыбында аудан деңгейінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге аудан мектептерінен қазақ, орыс, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен ата-аналар, оқушылар қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Қыркүйек айының 18-22 күндері аралығында аудан мектептерінде «Ұлттың тамыры- ана тілден» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді.

Қыркүйек айының 22-і күні №51 орта мектебінде «Үштілділік- табыстылықтың факторы» тақырыбында аудандық фестиваль ұйымдастырылып, оған аудан мектептерінен қазақ, орыс, ағылшын тілінен 48 пән мұғалімдері қатысты. Ұйымдастырушылар келген қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады. Мектептің фойесін ұлттық дәстүрмен безендіріп, ұстаздар мен оқушылардан құралған ұлт-аспаптық оркестр қазақтың күйлерін орындап, оқушылар асық атып, қыз балалар ұлттық ойындар үлгісін көрсетіп, әжелер қымыз сапырып, ұршық иіріп, қазақ ауылының тамаша үлгісін көз алдымызға әкелді.

Фестивальдан көрініс

Қыркүйек айының 21-де М.Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Мен жастарға сенемін!»атты аудандық жас ақындар байқауы ұйымдастырылып, аталмыш байқауға 29 мектептен 29 оқушы қатысып, Мағжан аталарына арнаған жыр шумақтарын оқыды. Әсіресе, №31,34,35,42,14 орта мектептерінің жас ақындарының өнерлерін ерекше атап өтуге болады. Бұл тамаша дарын иелері өздерінің нағыз ақын екендерін өлең шығарулары, сахна мәдениеті, дауыс ырғағымен дәлелдей білді.

Қыркүйек айының 26-да оқушылар арасындағы «Қасиетін сезем деп ана тілдің...» атты аудандық көркем сөз оқу шеберлерінің байқауыұйымдастырылып, оған 31 мектептен 31 оқушы қатысты. №4,27,34,42 орта мектептерінің дарынды оқушыларыпрозалық, поэзиялық шығармаларды жатқа мәнерлеп оқып қана қоймай, тамаша сахналық қойылымдармен жеткізе білді.

Байқаудан көрініс

Қыркүйек айының 28-де 20-30 жас аралығындағы жас мамандар арасында «Жаңғыру жолындағы жарқын белесім» аудандық байқау ұйымдастырылып, оған 24 жас маман қатысты. №1,4,14,17,29,31, 32, 47 орта мектептерінің ұстаздары үздіктер қатарынан көрінді.

Байқауға қатысушыларға төмендегідей талаптар қойылды:

«Жаңғыру жолындағы жарқын белесім» атты тақырып аясында өзінің жаңғыруын, елінің жаңғыруын болашақта қалай көреді және сол бағытта қандай істер атқарып отыр? деген сұраққа жауап іздеу (7-10 минуттық слайд);

«Әркімнің туған тілі- өзіне жұмақ» тақырыбында эссе жазу;

Атақты ақын-жазушылардың шығармаларынан жатқа үзінді оқу.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен аудандық білім бөлімінің дипломдары табыс етілді.

«Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шаралар жайында аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде мақалалар жарық көріп отырды.

Бұл біздің бір айдың көлемінде еңсерген жұмыстарымыз. Алдымызда үлкен мақсаттар мен міндеттер, жаңа межелер алыстан қол бұлғайды...