Соңғы қоңырау

Оқушылар үшін соңғы қоңырау жазғы демалыстың хабаршысындай болса, алдағы өмірінен үлкен өзгерістер күтетін мектеп түлектері үшін аздаған мұңға толы мереке. Он бір жыл бойы білім нәрін татып, өмірлік азық жинаған ортаны қиып тастап кету кім-кімге болса  да оңай емес. Дегенмен, дәл осы кезден жаңа өмірге есік ашылып, асқақ армандары мен жоспарларын іске асыратын кездің келгені қуантады. Өзге аймақтардағыдай ауданымыздың мектептерінде де өткен биылғы соңғы қоңырау салтанатты жиындарында 1110 жас түлек аяулы мектебімен қоштасты.

Атап айтсақ, Қордай ауылындағы №51 орта мектебінің биыл 26 түлегі қоңырау үнін ақырғы рет естіді. Бұл ерекше күні түлектер ұстаздарының, ата-аналарының тәтті тілектерін тыңдады. Мектеп директоры Жібек Садабаева да балаларды мерекелерімен құттықтап, осы оқу жылындағы олардың жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Біржан Әлімбет соңғы қоңырау мерекесімен балалар мен олардың ата-аналарын құттықтап, сөз сөйледі.

Абай атындағы мектеп қабырғасынан биыл 14 оқушы түлеп ұшты. Өткен оқу жылында осы мектепті 199 екпінді және 84 үздік оқушы аяқтапты. Сонымен қатар, мектеп оқушылары аудандық олимпиадаға қатысып, оның ішіндегі алтауы бірінші орындарға ие болса, 1 оқушысы облыстық олимпиададан алдыңғы орын алған.

Ал, №47 орта мектебінің 39  оқушысы 9-сыныпты аяқтады. Олардың 9-ы екпінді. Бұл білім беру мекемесі бірнеше мәрте жүлдегер атанған екі боксшы оқушысын мақтан етеді.

Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шара мұғалімдер мен оқушылардың, олардың ата-аналарының есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Бірінші сынып бітірген 50 бүлдіршіннің қолындағы кішкентай қоңырау кезекті оқу жылының аяқталғанын білдірді. Бұл қоңырау сыңғыры осы мектептің 58 оқушысы үшін соңғы рет естілді. Айта кететіні, 58 түлектің 55-і ҰБТ-ға дайындық үстінде, ал «Алтын белгіге»  6, ерекше нысандағы аттестатқа 3 оқушы үміткер. Ал, мектептің жас өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама салтанатты шараға қатысушылардың көңілінен шықты.

Соңғы қоңырау осы күні №6 негізгі мектепте де соғылды. Мектептің жас өнерпаздарының попурри биімен ашылған салтанатты шарада ортаға алдымен биыл 9-сыныпты аяқтап жатқан түлектер шақырылды. Оларға ақжарма тілегін жеткізген мектеп директоры Ардагер Керімбаев үздік оқушылар мен түрлі олимпиадаларда жеңіске жеткендерге грамоталарын табыс етті. Жалпы айта кетер болсақ, №6 мектепті 2015-2016 оқу жылында 411 оқушы аяқтаса, оның 32-і үздік, 97-сі екпінділер санатында. Үлкен өмірге қанат қаққан түлектерге зейнеткер ұстаздары Ханшайым Тәжиева, Вера Меркульева, Қалида Бекбаевалар да өз құттықтауларын жеткізіп, сәттілік тіледі. Ал, түлектер  аспанға ұшырған түрлі шарлар жас жүректердегі асқақ арманның белгісіндей көкте қалықтап кете барды.

Бұл күні, сондай-ақ мектеп директоры Ғалия Қойкенқызы Шәріпованың басшылығындағы Н.Крупская атындағы №5 мектепте де ата-аналарға, ұстаздар мен оқушыларға мерекелік көңіл күй сыйлаған салтанатты жиын жоғары деңгейде аталып өтті.

Дәл осындай салтанатты шара №2 орта мектепте де өтті. Аудан орталығының қақ төрінен орын тепкен М.Ломоносов атындағы орта мектепті білмейтін жан кемде-кем. Болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі толағай табысымен ерекшеленген білім ошағы үлкен өмірге талайлаған түлектерін ұшырып, бүгінде игі дәстүр жалғасын тауып келеді. Бұл күні мұндағы қоңырау сыңғыры 23 оқушы үшін соңғы рет естіліп, мектеп директоры Г.Байсуанова мен Қордай ауылдық округінің бас маманы Қ.Жұпбаев балақайларға сәттілік тіледі. Салтанатты жиын соңында 11-сынып оқушылары қоштасу вальсін билеп, ата-аналар ұстаздар қауымына алғысын айтты.

Сондай-ақ, Б.Бөлтірікова атындағы №4 орта мектебінде де 93 түлек алтын ұяларымен қоштасты. Жиынға ұстаздар мен оқушылардан бөлек ата-аналар да қатысып, мерейлі мерекенің куәсі болды.

Алғашқы құттықтау  сөзді  бастаған мектеп директоры Қарлығаш Исағұлова үлкен өмірге аяқ басқалы отырған түлектерге жылы лебізін білдірсе, шараға арнайы келген аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов оқушыларды мерекелерімен құттықтай келе, алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтулерін тіледі.  Дәстүр бойынша 11-сынып оқушылары бітірушілер вальсін билеген соң, олар үшін соңғы рет қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылы №4 орта мектебі үшін толағай табыстар мен жетістіктерге толы болған екен. Көптеген оқушылар облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орындармен оралып, ұстаздары «Үздік педагог», «Ы.Алтынсарин» төс белгілерінің иегері атанған.