Ұлт тарихының өткені мен болашағы

Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинеті 2017 жылдың 12 желтоқсанында Балжан Бөлтірікова атындағы №4 орта мектебінің базасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының аясында биылғы жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Айбынды Алаштың өткені, бүгіні, келешегі» қазақ тілі және тарих пәнінің мұғалімдері арасында аудандық идеялар шеруі ұйымдастырылды. Байқауға аудан мектептерінен 24 пән қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері қатысып, құнды дүниелер ұсынды.

Алаш қозғалысының дүниеге келгеніне ғасыр өтсе де, халқының болашағы үшін тар жол, тайғақ кешуді бастарынан өткізген, тарих тұңғиығында ашылмай қалған талай ұлт боздақтарының тағдыры жатыр.

Байқаудың мақсаты- осындай қазақ тарихынан әлі өз орнын ала алмай отырған, әлі аты аталып, еңбектері бағалана қоймаған тұлғаларды тану, болашақ ұрпаққа таныту.

Байқаудың шарттары бойынша байқауға қатысушы мұғалім өзіне жақын бір бөлімді ғана ашуы және өзіне берілген 10 минут ішінде тақырып аясында құнды мәліметтер ұсынуы қажет еді.

Байқау төмендегідей бөлімдерден тұрды:

  1. Документальді фильмдер түсіру;
  2. Көне фотолар сыры;
  3. Архивтегі жазбалар;
  4. Тарих тұңғиығындағы тұлғалар.

Байқауға қатысушы пән мұғалімдерінің басым бөлігін «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» бөлімі қызықтырғандығы байқау барысында байқалды. Әсіресе, №51 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Тынысбай Бақытгүл қазақ елін тәуелсіздікке бастар жолында жоғары билікте аянбай еңбек етіп, соқыр саясаттың құрбандығына айналса да, мойымай, ер мінезді, білімді, білікті басшы болып, халқына адал қызмет ете білген Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов жайында құнды дүниелер, дәлелдемелер ұсынса, №43 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Алиева Гүлназ Алаш арысы Жаhанша Досмұхамбетов, №13 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Төлеген Көркемжан Алаш арысы Абдолла Байтасұлы, №51 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Джунусова Шолпан Жұмағалиқызы Әлімхан Ермеков, №42 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хасенова Бану Алашордашы ғалым Алдасүгіров Мүлкібай Сарыбайұлы жайында тың деректер, қызықты мәліметтер алып келді.

Аудандық кәсіподақтың құқықтық-еңбек инспекторы Алпысбаев Бауыржан Айдаралыұлы, білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі К.Абдықалықова, әдіскерлер Ш.Тажиева, А.Нұркеева, С.Бахрамова, №28 орта мектебінің пән мұғалімі М.Нысырбаевалар аудандық идеялар шеруіне төрелік етіп, қатысушылардың жұмыстарын әділ бағалап отырды.

Аудандық идеялар шеруінің қорытындысы бойынша №51 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Б.Тынысбай Бас жүлде, №43 орта мектебінің мұғалімі Г.Алиева 1-орын, №4 орта мектебінен Б.Сатыбалдиева 2-орын, №13 ОМ-дан К.Төлеген 2-орын, №42 ОМ-дан Б.Хасенова 3-орын, №51 ОМ-дан Ш.Джунусова 3-орын, №20 ОМ-дан А.Иманқұлова 3-орын иеленсе, №3,5,23,24,26,39,43 орта мектептерінің пән мұғалімдері аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Идеялар шеруінен көріністер

Қордай аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинеті