«Тынбайтын ғалым, сынбайтын тұлға»

Қазақ елі үшін тәуелсіздік таңымен атқан әр күніміз, айымыз, жылымыз толағай табыстарға толы болса, биылғы жылдың орны ерекше. Ерекше болу себебі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының халыққа жол тартуы, төрткүл дүниені аузына қаратып, әлемнің кілең марқасқаларын бір арнаға түйістірген «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінің Астана төрінде салтанат құруы еді.

Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін ел экономикасы мен халқымыздың әл-ауқатын көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген арамыздағы заманның бүгінгі батыр, батыл тұлғаларын асқақтату, тағылымы мол дара жолдарын жас ұрпаққа үлгі ету бүгінгі рухани жаңғыруымыздың басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда жеке тұлғаны ғана емес, тұтас ұлттың бірнеше өкілін қиын да қызықты математика әлемінің қыр-сырынан сыр шерткізіп, құштарлығын оятып, нағыз майталманын ақылымен, білімімен, еңбегімен қалыптастырып отырған Мұхтарбайдай ұлы бар ұлт бақытты, болашағы жарқын, алар белесі мен асар асуы алда!

Қордай ауданы әкімдігі мен аудандық білім бөлімі 20107 жылдың желтоқсан айының 12-і күні Дінмұхамед Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының базасында академик Өтелбаев Мұхтарбай Өтелбайұлымен кездесу ұйымдастырды.

Академик ағамызбен болған кездесуді жүргізген аудан әкімінің орынбасары Жаманкөзов Бейбіт Тілепалдыұлы:

- Баршамызға аян, жаңа оқу жылынан бері өскен жерге, туған елге, білім алып, жаңа өмірге қанаттанып ұшырған алтын-ұя мектебіне тағзым жасап, өз жетістігін халқымен бөлісіп отырған талай азаматтарымызбен жүздесудің біздерге тамаша сәттері бұйырса, бүгінгі бас қосудың орны да, салмағы да ерекше. Өйткені ұлан-байтақ сахара даласының төл перзенті, қаймағы бұзылмаған қарапайым қазақ ауылынан шығып, дарынымен күллі әлемді мойындатып отырған ерекше жан біздің ортамызда!- дей келе ғалым ағамыздың өміржолына шолу жасады.

Мұхтарбай Өтелбаев Өтелбайұлы — математика ғылымының белгілі ғалымы. Аты әлемге жайылды, атағы алты Алашқа мәшhүр, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым акамедиясының академигі, Еуразиялық математикалық институт директоры. «Алтын адам» байқауында «Жыл ғылымының қайраткері» атағының, ғылым мен техниканың дамуына қосқан көрнекті үлесі үшін ғалымдар мен мамандарға тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері. «Ғылым мен технологиялар» номинациясы бойынша Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сыйлығының лауреаты. ҚР ғылым мен техникалар саласына тағайындалатын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Көпке белгілі қазақтың маңдайына біткен Мұхтарлар баршылық. Соның ішінде ғылымдар патшасы — математиканың Мұхтарбай Өтелбайұлының да орны бір төбе. Қазір еліміздегі математиктердің 80 пайыздайы осы кісінің тәлім-тәрбиесін көрген екен. Өтелбаевтың арқасында елімізде ірі математика мектебі құрылған, оның жетекшілігімен 70-ке жуық кандидаттық диссертация мен 9 докторлық диссертация қорғалған. Ол үш моногорафияның, елімізді әлем қауымдастығы алдында танытқан көптеген мақалалар мен өнертабыстардың авторы.

Ғалым ағамызбен кездесудің сәті күнде түсе бермейтінін ұққан №14 орта мектебінің оқушысы Бейсеналиева Әлия «Қолда бар алтынның қадірі жоқ немесе зиянынан пайдасы» тақырыбындағы ғылыми жобасын қорғады. Жас ғалым Әлияның ұстазы да тағы бір Өтелбаев, яғни Мұхтарбай атамыздың туысы, бауыры.

Аудан мектептерінде ғалым жолын жалғап, дарынды ұрпақтарды тәрбиелеп отырған ұстаздарымыз да жетерлік, соның бірі республикалық авторлық байқау жеңімпазы №26 Жамбыл атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Гумбетова Жамиля Мусыратқызы өз тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу соңында академик ағамызға ата-дәстүр жолымен иығына шапан жауып, туған жерінің дәм-тұзын тарту етті. Ал ақыл-ой парасат иесі болса, қанша биіктеген сайын, бойындағы сарқылмаған тамаша қасиеті-қарапайымдылығының жоғары деңгейін көрсетіп, кездесуге келген әрбір оқушының, әрбір ұстаздың сұрақтарына байыппен жауап беріп отырды.

Академик аталарымен қоштасар кезде, «ұлы өзенге бой түзеп, талай бұлақтар» ашылғалы тұрғандай көрінді. Кім біледі, араға жылдар салып ғалым жолын жалғастыратын тағы бір, бірнеше академиктер Қордай төрінде жас ұрпақпен әлі талай-талай кездесулер өткізер...

Кездесуден көрініс