Кемелді келешектік кепілі

Қазақ елі үшін биылғы жыл толағай табысқа толы болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының халыққа жол тартуы, «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің Астана төрінде салтанат құруы, енді міне Елбасымыздың бүгінгі қолданыстағы кириллица алфавитін латын әліпбиіне көшіру туралы 2017 жылдың 26 қарашасындағы №569 Жарлығының қолданысқа енуі.

«...қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп Елбасымыз осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін айқындап отыр. Осыған орай аудандық білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинеті 2017-2018 оқу жылына арналған іс-шара жоспарын құрып, қарқынды жұмыс жүргізіп отыр. Қазан айында «Мемлекеттік тіл: латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі мен маңыздылығы неде?» деген тақырыпта №1,2,3,4,7,51 орта мектептерінің 10-11 сынып оқушылары арасындағы аудандық дебат ұйымдастырылды. Аталған мектеп оқушылары үш командадан екіге бөлініп, жақтаушы және даттаушылар ретінде тақырып аясында ой қозғады. Дебат қорытындысы бойынша эксперттік топтың шешімімен №2,4 орта мектебінен келген екі команда үздік деп танылып, облыстық дебатқа жолдама алып, қазан айының 30-да аудан намысын абыроймен қорғап қайтты. Ал бүгін, яғни қараша айының 29-да М.Ломоносов атындағы №2 орта мектебінің базасында «Латын әліпбиін енгізудің тиімді жолдары» тақырыбында аудандық ғылыми конференция ұйымдастырылды.Конференцияға аудан мектептерінен 65 қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері қатысты. Конференция жұмысын аудандық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жауапты әдіскері Бахрамова Сәуле Амангелдіқызы ашып берсе, тарих пәнінің жауапты әдіскері Нұркеева Аида Бейбіткекқызы «Кемелді келешектің кепілі-латын әліпбиі» тақырыбында баяндама оқыды.

Ғылыми конференцияға №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мұқатаева Амина Абдуалиқызы, №2 орта мектебінен Қонбаева Ақмарал Максетқызы, №43 орта мектебінен Өміралиева Құралай, №3 орта мектебінен Болатбек Динара баяндама, коучингілер, оқушылармен тәжірибе көрсетіп, конференцияға қатысушы әріптестерді қатыстыра отырып, нағыз тәжірибе алмасу алаңын құрды. Латын әліпбиіне қалай көшеміз? Төл дыбыстарымыздың тағдыры не болады? Латынәліпбиінің қажеттілігі неде? деген сұрақтарға жауап тауып қана қоймай, өздері де латынша жазып, оқып, тәжірибеден өткізді.

Әсіресе, №2 орта мектебінің 8-сынып оқушылары пән мұғалімі Қонбаева Ақмарал Максетқызының жетекшілігімен латын әліпбиінде жазылым, оқылым әрекеттерімен бірнеше тапсырмалар орындап, пән мұғалімдерін тәнті етті. Латын әліпбиін қолдана отырып, мәтін құрастырды, тақтада бірнеше сөйлем жазды, диктант жазды. Оқушылардың шеберліктеріне тәнті болған ұстаздар қауымының таңданып, қол соғудан басқа шаралары қалмады. Бұл ауданымыздағы ұстаздар қауымымен латын әліпбиіне көшу бойынша жүргізілген ауқымды іс-шараның басы болғанмен, соңы емес. Алдымызда үлкен мақсаттар мен жауапты істер күтіп тұр. Дегенмен, бастапқы қорқыныш пен күдіктің қабырғасы сөгіліп, қараңғылыққа күн сәулесі төгіліп, әріптестеріміз тамаша көңіл-күймен тарқасты. Латын әліпбиі тақырыбына арналған іс-шараларды асыға, тағатсыздана күтетіндерін және өздері де сол жұмыстардың басы-қасында болғысы келетіндерін конференция жұмысына берген кері байланыстарына қаттап кетіпті.

Әдіскер     С.Бахрамова