Тәуелсіздігіміз мәңгі, мақсатымыз нақты, болашағымыз айқын!

Биыл еліміздің еңселі ел болып, өз алдына дербес мемлекетке айналғанына 25 жыл толып отыр.  

1991 жыл... Кеңес үкіметі ыдырап, ата-балалар ғасырлар бойы армандаған  тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, шаттыққа толы күндер басталғанымен, алдымызда ауыр асулар, соқпағы мол қиын жолдар тұрды. Ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсарту басты орынға қойылып, басқа салалар тұралап жатқаны ащы да болса, сол кезеңнің шындығы еді. Балабақша жоқтың қасы. Мектептер болғанымен, оқулықтар тапшылығымен үш ауысымда оқитын балалардың болашағына күмәнмен қарап, ертеңіміз не болады деген сұрақтың жауабын беруге қиналған сәттеріміз қаншама...

Бұл қиыншылық сағымдай өткен күндердің еншісінде қалды.Араға небәрі ширек ғасыр салып, кешегі қиын кезеңдерді бастан өткізген қазақ елі әлемнің алпауыт елдері санасатын, терезесі тең, керегесі кең, дамыған мемлекеттің біріне айналды.

Елбасымыздың  «Білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің болашағы бұлыңғыр» деп Қазақстан халқына-жастарына тастаған Үндеуіне үн қосып, асқақ арман мен биік мақсаттарға қол созған  білімді жастарымыздың қатары күннен күнге көбейе бастады. Бұл жастардың  легін біздің ауданымыздан түлеп ұшқан шәкірттеріміз де толықтырып отырды.

Бүгінгі таңда   ауданымызда тәуелсіз жас мемлекетімізді «Мәңгілік елге» айналдыратын  ұрпақтар саны 27794-ке жетіп, олар  49 мектеп пен 1 кешкі мектепте білім алып отырса, мектепке дейінгі тәрбие  мен біліммен балақайларымыз 36 балабақшада тәрбиеленуде. Мемлекеттік 21 балабақшада 2975, 15 жекеменшік балабақшада 965, 23 шағын орталықта 1263 бала қамтылған. Ауданымыздағы 9 қосымша білім беру ұйымында 4989 жас дарындарымыз  сан алуан 53 үйірмеде өмірге қажетті, пайдалы, ең бастысы, сүйікті істерімен айналысып жүр.

Өткен ғасырдың 90 жылдары ауданымызда мектепке дейінгі тәрбиемен небәрі 10% бала ғана қамтылса, бүгін бұл көрсеткіш 100% -ды құрап отыр.

Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін үкімет, жергілікті билік өкілдері  тарапынан қыруан шаруа атқарылды. Жекеменшікке өтіп кеткен балабақша ғимараттары қайтарылып, күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғасырға, жаңа заман талабына сай балабақша ғимараттары бой көтеріп, алыстан менмұндалап тұр. Нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамту үш есеге өсті. Тәуелсіздіктің 25 жылында 35 балабақша өз есігін айқара ашып, талай бала мен ата-аналарға қуаныш сәтін сыйлады. Қаншама маман жұмыспен қамтылды.

2011 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде «Біз сендер үшін білім беру мен ғылымның ең озық жүйесін жасаудамыз» деген еді.

Міне ауданымызда аталған бағытқа негізделген жұмыс қарқынды белең алды. 25 жылдың ішінде 12 мектеп № 1, № 48, №14, №51, №18, №19, № 13, №43, №42, № 34, №30, №6 мектеп бой көтерсе, асар әдісімен №45, №47, №48, №50 орта мектептері іске қосылды. 32 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылы №5, №12, №16 орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстарына  жергілікті бюджеттен 12 млн. 803 мың теңге бөлінді.

Ауданымыздың барлық білім мекемелері 100% ғаламтор байланысымен қамтылған. Білім мекемелеріміз заман талабына сай құрылғылармен жабдықталып,  бәсекеге қабілетті болашақтың берік іргетасын қалайтын ұрпақтар тәрбиеленіп, тәуелсіздіктің жемісін беріп отыр.

Ескі, мұғалім мен оқушы қажеттілігіне  жауап бере алмайтын оқу кабинеттері өткен ғасырдың еншісінде қалды. Қазіргі оқу кабинеттеріміз  143 интербелсенді тақтамен жабдықталса, 30 лингафонды-мультимедиялық  кабинеттер, арнайы жабдықталған 19 физика, 15 химия, 22 биология кабинеттері оқушылардың жан-жақты білім алып, білікті маман болуларына барлық жағдай туғызып отыр. Жергілікті бюджет есебінен 4 млн 134 теңге бөлініп, барлық мектептер бейне камералармен жабдықталып, 100% ғаламторға қосылған.

2016 жылдың мәліметі бойынша жан басына шаққанда 12 оқушыға 1 компьютерден келеді. Ауданымызда 8 мектеп «е-learning» электронды жүйеге қосылып, ата-ана үйінен отырып, баласының  білімін қадағалап отырады, 8 мектеп он-лайн режиміндегі интерактивті сабақтар өтуге рұқсат етілген лицензияға қол жеткізіп отыр.

Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесі үлкен реформалауды бастап, сапалы білім берудің әлемдік озық тәжірибесін білім мекемелеріне енгізіп  отыр. Шағын жинақталған мектептердегі білім мазмұнын жаңарту және оқудағы қордаланған мәселелерді шешу  мақсатында №30 орта мектебі ресурстық режимде жұмыс атқарып,  өзіне  №25,33 шағын жинақталған магниттік мектептерді тартып, жылына үш сессияға 68 оқушыны қамтып отыр.

Мемлекетіміздің ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасының балаларына  деген қамқоры ерекше екенін барлығымыз сезініп отырмыз. Ауданымызда 150 бала қамқоршылыққа алынған. Олардың ішінде 87 бала жетім болса, 63 бала ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар санатында. 103 балаға ай сайын республикалық бюджеттен 2 млн. 184 теңге жәрдемақы төленіп отыр.

Жергілікті бюджеттің есебінен аз қамтылған отбасылардың 5450 баласы тегін ыстық тамақпен (19,6%) қамтылып, 612 оқушыға 9 млн.180  теңгеге мектеп формасы сатып алынды.

Кезінде ата-аналар балаларына оқулық сатып әперуді дәстүрлі әдетке айналдырса, бүгін бұл дәстүр өткен күннің еншісінде қалды. Соңғы үш жылда 314 млн. 91 мың теңгеге оқулықтар мен көркем әдеби кітаптар сатып алынды. 

Болашақ ұрпақтың ой-өрісін терең білім және өнегелі тәрбиемен ұштастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеп  отырған  аудан мектептерінде 2598 ұлағатты ұстаздар еңбек етеді. Олардың 2313-і жоғары білімді, 285-і арнаулы орта білімді, 315-і жоғары санатты, 697-і бірінші, 814-і екінші 726-ының  санаты жоқ.

2012 жылы еліміздің білім беру жүйесіне енгізілген Кембридж бағдарламасы аясында 448 мұғалім деңгейлі курстан өтіп, жаңа форматты ұстаздар қатарына қосылса, 19 мектеп директоры мен орынбасарлары 9 айлық курстан өтті. 2016 жылдың маусымынан бастап  мектеп басшылары мен директордың орынбасарлары, бірінші сыныпта сабақ беретін ұстаздар, деңгейлі курстан өткен 65 көшбасшы ұстаз жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы бойынша курстан өтіп, сертификатталып отыр. Пән мұғалімдерінің 79%-ы қысқа мерзімді курстардан өтіп, білім берудегі инновациялық тәсілдерді игеріп, күнделікті сабақтарында тиімді қолданып отыр.

Соңғы үш жылда ауданымыздың шығармашыл, ізденімпаз 43 ұстаз авторлық бағдарлама жасап, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды.

Ал 2015 жыл Қордай ауданының барша ұстаздар қауымы үшін ерекше жыл болып есте қалды. Б.Бөлтірікова атындағы №4 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Бахрамова Сәуле Амангелдіқызы Қазақстан Республикасының «Үздік педагогі-2015» байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» төс белгісінің иегері атанды.

Қазіргі жаңа ғасыр инновация заманы барша адамзатты мазмұнды біліммен ғана теңестіретін деңгейге жетті. Соңғы 11 жылда біздің кәсіби білікті ұстаздарымыздан жасақталған мықты тыл 54 «Алтын белгі» төс белгі және  70  «Үздік аттестат» иегерлерін шығарды.

Біздің ауданымыздағы білікті ұстаздардан  терең білім алған дарынды шәкірттеріміз халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері атанып, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, ҚХР, Польша, Австралия, Малайзия, Канада, Египетте, Жапония, Болгария, Түркия сияқты әлемнің дамыған елдерінің жоғары оқу орындарында білім алып, алдыңғы легі ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрсе, соңғы буыны білімдерін жалғастырып жүр. Қолдарына шырақ алып, білім іздеген талай жастардың арманы мен мақсатының жүзеге асып отырғанытәуелсіздігіміз бен Елбасымыздың көреген саясатының жетістігі.Н.Ә.Назарбаевтың  халқының болашағы үшін және Қазақстанның «Мәңгілік ел» болып, адамзат тарихында алтын әріппен жазылатын мемлекетке  айналуына бар жағдай жасап отырғанының арқасында.  

Бұл - Қордай ауданының  білім саласындағы атқарылған ерен еңбектің 25 жылдық жемісі мен жетістігі. Ал болашақтың еншісінде үлкен міндеттер мен жауапты істер тұр.

Тәуелсіздігіміздің келесі мерейтойына біздер- ауданымыздың барша ұстаздар қауымы мен жүрегінде Отанына деген шексіз махаббаты мен  елінің болашағына бей-жай қарамайтын барша қордайлықтар  бірлесе отырып  толағай табыстармен жететінімізге кәміл сенемін.

 

Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Райымқұлов Қуатбек Жұмабайұлы