Әл-ауқаттың артуы- табысты болашақ кепілі

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 05.10 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы әсіресе, біздер-ұстаздар қауымы үшін алдыңғы Жолдауларға қарағанда, маңызы зор, болашаққа деген үміті басым болғанын бүгінгі зиялы қоғам үлкен тебіреніспен, сеніммен қабылдады.

Ұлт көшбасшысы еліміздің ертеңгі тұтқа ұстар тіректерінің ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттерінің бала кезден бастау алатынына тоқтала келе, білім саласына-мектепке дейінгі тәрбие мен білім, орта білім беру жүйесіне айрықша назар аударды. Республика бойынша мектепке дейінгі біліммен қамтылып отырған балақайлардың үлесі 93 пайыз болса, бұл көрсеткіш ауданымызда 94 пайызға жетті. Жаңғыру, жаңару кезеңімен тұспа-тұс келген уақытта ұстаздарымыз жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен курстардан өтіп, кәсіби білімдерін үздіксіз жетілдіріп отырса, аттестаттаудың жаңа форматының талаптарынан сүрінбей өтіп, 83-модератор, 136-сарапшы, 53-зерттеуші, 1 мұғалім шебер-ұстаз атанып, айлық жалақылары 30-50 пайызға дейін көтерілді. Ал қараша айында өтетін аттестаттаудың жаңа форматты тестінен өтуге 343 мұғалім өтініш беріп отыр.

Ақыл-қабілеттері ерекше дамыған балаларды әрине ізденімпаз, шығармашыл ұстаздар ғана қалыптастыра алады десек, ауданымыздың білім мекемелері мұндай ұстаздар легінен кемде-кем емес, Тамыз айында өткен облыстық авторлық бағдарлама байқауына 37 пән мұғалімі өз жұмыстарын ұсынып, оның 18-і жеңімпаз атанып, 6 мұғалім қазан айының 23-25-і аралығында ҚР-сы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырғалы отырған республикалық авторлық бағдарлама байқауына жолдама алып отыр. Әріптестерімнің мұндай жетістіктерін текке айтып тұрғаным жоқ, яғни ауданымдағы 2800-дей ұстаздар легінің Елбасы Жолдауындағы білім саласына қатысты межелерді толық орындауға қабілеттері де, білім-білік дағдылары да жеткілікті дегім келеді.

Еліміздің мегеполистері және облыс орталықтарында ғана бой көтеріп, әлемдік білім беру стандартына төтеп бере алатын «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» қатарына ауыл мектептерінің білім беру жүйесін көтеру керектігін айтқаны біздің де шәкірттеріміздің өз білім ошақтарында отырып-ақ, зияткерлік қабілеттерін жан-жақты дамытуға мүмкіндіктері бар екендігі қаншама бала мен ата-ананың, бір сөзбен айтқанда, мыңдаған отбасына үміт сәулесін сыйлады. Ал аудандық білім бөліміне қарасты 17 мектеп 2018-2019 оқу жылынан бастап, 8-сыныптан физика, информатика, биология, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастаса, бес мектептің ұстаздары білімдерін жетілдіруде. Яғни жердегі жұмақ өмірді ертегідегідей қиял-ғажайыптан емес, шынайы өмірмен ұштастырып отыр.

2019 жылдан бастап Елбасымыздың «Педагог мәртебесі туралы»Заңды әзірлеп, алмағайып кезеңде түрлі әлеуметтік қиыншылықтарға төтеп бере алмай, биік тұғырынан төмендеген ұстаздар қауымының мәртебесін көтеруге көш бастаған бастамасы еліміздің барша ұстаздарына тың серпіліс, жаңа идеялар, өз ісіне деген беріктік, сенім әкелгені сөзсіз.

Ойымды қорытындылай келе, білім бөлімінің әдіскері және ұстаз ретінде біртұтас ұлт, біртұтас халық болып «Мәңгілік ел» түзу жолындағы қадамдарымыз сәтті, болашағымыз қуатты, халқымыз бақытты болсын деген армандарымыз орындала берсін. Ал армандардың орындалуына бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп отырған Елбасымыздың қолдауы біздерді қашан да шабыттандыратыны сөзсіз.

Аудандық білім бөлімі Жолдауда көтерілген білім беру жүйесіне қатысты барлық басымдықтарды талқылап, жұмыс жоспарын құрып, нақты тапсырмаларды орындауға бет алды.

Аудандық білім бөлімі