№1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры С.С.Саргаскаеваның 2018 – 2019 оқу жылының І жартыжылдығы үшін Қамқоршылық кеңесі алдындағы есебі
Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында 1441 оқушы білім алады. Сынып комплектісі –63, оның ішінде қазақ тілінде оқытылатындары –38, орыс тілінде оқытылатындары – 25.
Ұстаздардың сапалық құрамы: жоғары санаттылар –35
І санаттылар – 20
ІІ санаттылар – 30
Санаты жоқтар – 33
114 мұғалім жоғары білімді, 4-еуінің арнаулы орта білімі бар.
Мектеп ұжымыоқу-тәрбие үрдісін арттыру бойынша жұмысын жалғастыруда. 2017 – 2018 оқу жылының қорытындысы бойынша біздің мектебіміз облыстық рейтингте 4750 ұпаймен тағы да 1-орынды иеленіп, жоғары көрсеткіштерімен Инновациялық режимге енгізілді. ҰБТ-да орта балл 100,2 болды, 3 түлегіміз мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен, 2 түлек үздік аттестатпен аяқтады. Білім сапасы мектеп бойынша 67%-ды құраса, үлгерім100%-ды көрсетті.
Қазақстандық Интернет олимпиадасында ауыл мектептері арасында республика бойынша 2-орын алып, «Дарын» Кубогін иелендік.Республикалық жалпы білім беретін мектептер арасындағы «Үздік 100 мектеп» байқауында жоғары ұпай жинап, Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына қосылдық. Мектебіміздің «Тарландар» жас жол инспекторларының командасы биыл да Қызылорда қаласында өткен республикалық жарысқа қатысып, номинация бойынша 2-орынға ие болды.
Мектепті дамыту жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру мақсатында оқу жылының басынан бері 5 әдістемелік семинар өткізілді. Әр пәндік кафедра әдістемелік айлық өткізіп, өз жұмыстарын толықтай көрсетеді. Айлық аясында педұжымның кәсіби біліктілігін тексеру мақсатында олардан тест алынады. Ұстаздар да әр түрлі кәсіби олимпиадалар мен жарыстарға, пәндік байқауларға қатысып, өздерінің жинақтаған тәжірибелерімен бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет желісінде бөліседі. Аудандағы 3 жетекші мектептің бірі ретінде бекітілген 11 мектепке тәлімгерлік етіп, олардың да кәсіби өсуіне желілік қоғамдастық арқылы ықпал етуде.
Мектепті дамыту жұмыстары жалғастырылуда. Аудандық бюджеттен роботты техника кабинетін алуға, оны құрылғылармен жасақтауға 6 миллионнан аса сома бөлінді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп периметрі бойынша 17 дана бейнебақылау камералары орнатылды. WF жүйесі іске қосылды.
«Күнделік» электрондық жүйесі енгізіліп, соның нәтижесінде қағаз түріндегі сынып журналдары алынып тасталды. Электрондық журнал әрбір ата-анаға өз баласының бағалары жөнінде мәлімет алып, үй тапсырмасының орындалуын бақылауға, сабақ үлгерімі бойынша мұғалімнің пікірін білуге мүмкіндік береді.
Тәрбиелік және дамытушылық жұмыстың деңгейін, оқушылардың танымдық деңгейін көтеру, олардың бос уақыттарын босқа өткізбеуі үшін мектеп әкімшілігі оқушыларды әр түрлі байқауларға, жарыстарға, сайыстарға қатыстыру жұмыстарын жалғастыруда; оқушылардың белсенді қатысуын және жоғары жетістіктерге жетуін ынталандырады және уәждендіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дәстүрлі лездемелерде мадақталады, ол туралы материалдар Даңқ қабырғасында, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
Сабақ арасындағы үлкен үзілістерде балалардың шахмет, үстел теннисін ойнауына жағдай жасалған. «Әдебиет минуттары» ұйымдастырылады, онда балалар міндетті түрде 15 минут бойы көркем әдеби кітаптарды оқиды. Мектепте балалардың қызығушылығы бойынша 20үйірме, 12 спорттық секциялар және 91 пәндік үйірмелер жұмыс жасайды. Оларға кейбір оқушылардың бірнеше үйірмеге қатысатынын есептесек, 2575 оқушы қамтылған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи орындарға, тарихи-өлкетану мұражайына мәдени-көпшілік саяхаттар ұйымдастырылды.Мектеп-гимназиясында оқушылардың тәрбиесі мен адамгершілік-рухани дүниесі назарға алынатын іс-шаралар әрдайым өткізіліп тұрады.
Қазан айының басында мектепішілік «Ұланбасы» сайлауы өткізілді. Оған 8, 9, 10-сынып оқушылары өздерін үміткер ретінде ұсынып, өздерінің белсенділіктерін көрсетті, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 10-Б ог сыныбының оқушысы Вдовин Иван сайланды. Сонымен қатар «Қарттар күніне», «Ұстаздар күніне», Жаңа жылдық шыршаға орай үлкен мерекелік іс-шаралар өткізілді. Оқушылардың «Күзгі бал» кеші жоғары деңгейде өтті.
Айта кететін тағы бір ерекшелігіміз, ол қазан айындағы мектепішілік «Директорға хат» атты акциясы. Бұл науқан кезінде мектептің 7-11 сынып оқушылары мектебіміздің директорына өздерін мазалайтын сұрақтар бойынша, алғыс ретінде, сонымен қатар ұсыныс ретінде әр түрлі хаттар жазды. Осы іс-шараның қорытындысы ретінде 7-11 сынып оқушыларына арналған «Оқушылар конференциясы» өткізілді. Бұл іс-шара мектеп директоры мен оқушылар арасындағы байланысты тек нығайтып қана қоймай «Оқушы үнінің» маңызды екенін, көп мәселені шешуге түрткі болатынын анықтады.
Қараша айының басында аудан бойынша алғаш рет басқа мектеп директорларына арналған онлайн семинар немесе тәжірибе алмасу алаңы өткізілді. Арнайы көрме ұйымдастырылып, соңынан барлық мектеп директорлары өздерінің жылы лебіздері мен біздің мектептен қандай тәжірибе алуға болатынын кері байланыста айтып өтті.
Орталық аурухананың дәрігерлерімен бірге мектепішілік «Қыз Жібек» және «Подружка» қыздар клубының отырысы, «АИТВ (СПИДке) күрес» күніне орай жоспар бойынша әр түрлі іс-шаралар жүргізілді. Тұңғыш президент күніне орай ашық тәрбие сағаттары, «Елбасымен көркейген Қазақстан» атты фотокөрме және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ плакаттар байқауы, ашық тәрбие сағаттары, «Жас ұлан» ұйымына салтанатты қабылдау рәсімі және мектепішілік 4-5 сынып оқушыларының арасында патриоттық әндер байқауы өткізілді. Қаңтар айының 14 – 16 күндері аралығында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 107 жылдығына орай мектепішілік бірыңғай ашық тәрбие сағаттары, плакаттар байқауы, ескерткішке гүл қою және жалпы мектепішілік үлкен іс-шара өткізілді.
Ай сайын мектебімізде құқықбұзушылықты қорғау органдарымен, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша Қордай ауданының №9 өрт сөндіру бөлімімен бірлескен іс-шаралар жоспарға сәйкес өткізіліп тұрады. Айына бір рет эвакуациялық жаттығулар, айына 2 рет «Түнгі ауыл» рейдтері жүргізіледі. «Қауіпсіз мектеп» акциясы аясында «Жолда жүру қауіпсіздігі» айлығы өткізіліп, Қордай аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен іс-шара ұйымдастырылды. Көлік жүргізушілерге арналған «Айналайын, абайла!» атты бүктеме парақшалары таратылды.
2018 – 2019 оқу жылының қыркүйек айынан бастап 22 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 2018 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Айлық барысында мектебіміздің аз қамтылған, көп балалы, жетім отбасынан шыққан 26 оқушыға жалпы соммасы 274050 теңгені құрайтын көмек көрсетілді, бюджет есебінен 12 балаға әрқайсысына 15 000 теңгеден 180 000 теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Жалпы алатын болсақ, айлық негізінде 38 оқушыға 454050 теңгені құрайтын көмек көрсетілді.26қазан – «Қамқоршылар күні» мерекесі аталып өтті, қамқоршылар сый-сыяпаттар мен алғыс хат алып, ерекше назарда болды.
Әр бала Жаңа жылда таңғажайып оқиғалардың болатынына сенеді. Сол себепті біздің мектебіміздің қызметкерлері мен ата-аналары бірлесе отырып, осы игі шараны жүзеге асырдық. 2018 жылдың 20 – 28 желтоқсаны аралығында «Тілектер шыршасы» акциясы өткізілді. Балалардың армандаған ойыншықтарын өздеріне жеке табыстадық. «Бірінші болу – батылдық» дегендей,мектебіміздің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тулебеков Муслим Акимович «Аязата поштасынан» хат алып, аз қамтылған отбасының оқушысының ақ көйлек пен сумка алу тілегін орындады. Сол сияқты мектебіміздің 5а сыныбының ата-анасы Давуз Ислам Исмарович көмекке мұқтаж отбасынан шыққан оқушының велосипед керек деген арманын орындады. 1д,4ә,7ә,8ә,8г,10а,11а,11б сыныбының ата-аналары көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға қыстық киімдер мен тәтті қаптар сыйлады. Мектебіміздің мұғалімдері мен оқушылары да сырт қалмады. Балалардың тілектерін орындап, смарт сағаттар, түрлі ойыншықтар мен наушник, блютуз колонка, аяқ киімдерді сыйға тартты. Бұл акцияда үйден оқытылатын 10 оқушы да назардан тыс қалмады, тәтті сыйлықтары мен ойыншықтарын алып, ерекше көңіл бөлінді.Аудан әкімінің шыршасына аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынан айырылған отбасынан шыққан 5 оқушы қатысып, өз өнерлерін көрсетті.2019жылдың 10 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында «Қамқорлық» акциясы өткізілуде. Қазіргі уақытта 2 апта ішінде аз қамтылған отбасынан шыққан 6 оқушы қыстық киім-кешек пен аяқ киіммен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта әлі де бірлесіп акцияға жанашыр жандардың қатысуына сенеміз.Жыл сайын осындай шараларды өткізу арқылы біз жомарт жандардың күшін біріктіріп, өмірдің түрлі қиындықтарына тап болған балаларға мереке сыйлауды мақсат тұтамыз.
Мектеп кітапханасының кітап қоры да жыл сайын молайып келеді. Кітапхананың жалпы қоры – 38030 дана. Олардың ішінде оқулықтар саны – 26315дана. Әдістемелік көмекші құралдар – 1098дана, көркем әдебиет –1489дана, энциклопедиялар – 46дана, анықтамалықтар – 60дана, сөздіктер – 23дана, кітапшалар – 134дана, басқалар (дәптерлер, карталар) – 8087дана,
электрондық оқулықтар – 778дана.
Кітапханада балалардың ой-өрісінің дамуы, өсуі үшін әс-шаралар өткізіліп тұрады: «Кітап – алтын қазына» тақырыбындағыэссе, шығарма байқауына оқушылар белсене қатысты.«Оқулықты құрметте, күтіп ұста, кірлетпе»ұранымен әрбір тоқсан сайын кітапхана белсенділерімен бірігіп оқулықтардың ұсталу ұқыптылығына арнайы тексеру рейді өткізіледі.
Кітаптардың сақталу шараларына орай кітапханашылар оқырман балалармен, сынып жетекшілермен бірігіп сынып сағаттарында оқулықтарды сақтау жөнінде әңгіме өткізді.
Мектептің Қамқоршылық кеңесі мектеп өміріне белсене араласып, мектептің дамуына өз үлестерін қосып жатқанын айтпай кетуге болмас. Олардың атсалысуымен мектепте әр түрлі іс-шаралар, мерекелер, жиналыстар, сенбіліктер өткізіледі; олар даулы мәселелерді шешуге, ағаш отырғызуға, дарынды балаларға қолдау көрсетуге мектепке көмектесіп отырады.
Қамқоршылық кеңесінің, ата-аналардың және педұжымның көмегімен мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда.
2018 – 2019 оқу жылы Қамқоршылық кеңесінің мектептің 25 жылдығына арнаған сыйынан бастау алды. Сондай-ақ олар мектепке жүгіртпе жол, 2 прожектор, Ұстаздар күніне 2 үлкен жасанды гүл сыйлады. 11-сынып түлектерінің ата-аналары 4 жұмсақ диван және үлкен кілем сыйға тартты. Биылғы оқу жылының басынан бері жалпы сомасы 699 100 теңге көлемінде мектепке материалдық құндылықтар балансқа қойылды.
Мектебімізді таза, жайлы ету үшін көп нәрселер істеліп жатыр. Осыған қарамастан оқушылар тарапынан мектеп мүлкі мен мектеп жиһаздарына деген варварлық қатынас жағдайлардың орын алуы жиілеп бара жатыр. Сынған орындықтар, есіктер, кесілген скамейкалар, беті жазылған парталар, сындырылған туалет бочоктары, түкіріп тасталған текпіршектер – бұның бәрі біздің балаларымыздың ісі.
Құрметті ата-аналар, осындай үлкен кемшілітерді біздің оқушылар жасайды, демек біздің балалар. Біз бұл мәселеге көз жұма қарай алмаймыз. Сіздерден талап ететініміз, өз балаларыңызға дұрыс тәрбие бере оырып, оның мектеп мүлкісіне құрметпен қарауға үйрету. Мектептегі әрбір заттың мектеп үшін маңызды екенін түсіндіру. Егер сіздер, бізбен бірге болсаңыздар, балаларды тәрбиелеуде ойымыз бен ісіміз бір жерден шықса, біз әрине үлкен жетістікке жетеміз деген үміттемін.
Сонымен қатар, мектепте ата-аналардың көмегімен ғана шешілетін проблемалық мәселелер де бар. Оның үстіне бұл проблема ата-аналардың өздерінен туындап отыр. Құпия емес, көптеген ата-аналар балаларының қабілетіне, мүмкіншілігіне қарамай, гимназия сыныптарына отырғызғысы келеді. Мектеп Жарғысы бойынша гимназияға ауыстыру үшін балалар тест тапсыруы қажет екенін жәнегимназияға қабылдау тестің жақсы нәтижесіне байланысты мүмкін екенінестеріңізге сала кеткіміз келіп тұр. Гимназия сыныптарында барлық пәннен жақсы оқитын, оқуға ынтасы жоғары, білім алуға қызығушылығы мол балалар оқуы тиіс. Одан бөлек, өткен жылдан бері әрбір сыныптың, әсіресе гимназия сыныптарының білім сапасын бақылайтын «Сапа» облыстық тексеруіне тап болып отырмыз.
Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның есебінде дөрекі құқықбұзушылық – ұрлық жасаған 2 оқушы тіркелген. Бұл мектептегі күрделі проблемалардың бірі екенін айтуымыз керек. Жыл сайын мектепте ұсақ-түйек заттарды ұрлау фактілері бар. Сынып жетекшілерін де, ата-аналарды да балаларды шыншылдыққа, тәртіптілікке, оқушылар арасында ұрлықты болдырмауға тәрбиелеуге көңіл аударуға шақырамыз.
Тағы бір үлкен проблема – кадр мәселесі. Мұғалімдердің жетіспеушілігінен және маманның жоқтығынан біздің мұғалімдеріміз бір жарым ставка жүктемемен жұмыс жасауда. Мұғалімнің жүктемесінің көбеюі білім сапасының төмендеуіне әкелетінін түсінеміз, алайда бұл амалсыздықтан істелініп жатыр. Осыған орай, мұғаліммен ынтымақта және даулы жағдай туғызбай, мұғалімге сыйластықпен қарап өзара байланыста жұмыс жасауға ата-аналардың көңілін аударғым келеді.
Мектеп әкімшілігінің және барлық педұжымның жоспарлары мен мақсаттары көп. Материалдық-техникалық базаны нығайту қажет: спортзалдардың төбесін қайта жабу, көптеген кабинеттерде еден жапқыштарын (линолеум) ауыстыру, бассейнді жөндеу, барлық ескірген жарық беру лампаларды ауыстыру, мәжіліс залын безендіру және тағы басқалары. Жыл сайын мектептің қалыпты жұмыс жасауына қажетті заттарды алуға аудандық білім бөліміне сұраныстар жіберіледі. Алайда, өкінішке орай, мектептер жеткіліксіз немесе толық емес қаржыландырылады. Сондықтан біз мектептің демеушілеріне сенім артамыз.
Құрметті ата-аналар, қорыта айта кететін болсақ, мектеп, оқушылардың екінші үйі және бұл үйдің жарық, жылы әрі балалардың білім алуы үшін қолайлы болуы барлығымыз үшін өте маңызды. Біз тек біріге отырып туындаған мәселлерді шеше аламыз.Тек біргіп, өскелең ұрпақты дұрыс жолға қоя аламыз. Біздің болашағамыз балалар, сондықтан да болашағамыз жарқын болу үшін, бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Сіздерді осыған шақырамын және бос сөз ретінде қабылдамауларыңызды сұраймын.