Жамбыл облысында орта білім мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курстарын өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе отырып, 2016 жылдың 30 мамырынан бастап Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында еліміздің педагогтерін  біліктілікті арттыру курстарынан өткізуде. Осы мақсатта ҚР БҒМ 15.01.2016 жылғы №32 бұйрығымен бекітіліп, ҚР ӘМ 24.02.2016 жылғы нормативтік-құқықтық актілермен мемлекеттік тіркелген оқу бағдарламалары дайындалды.

Мұғалімдерге арналған бағдарламалар педагогтердің тиісті жоғары кәсіби білім, педагогикалық жұмыс тәжірибесін алуы үшін арнайы дайындалған. Курстарды сертификатталған тренерлер жүргізеді.

Оқудың бұл кезеңі бастауыш сыныптардың, қазақ, орыс тілдерінің (екінші тіл ретінде), ағылшын тілі, өнер мен технология, музыка және дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған. 2016 жылы Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалында барлығы 1064 педагогті оқыту жоспарлануда, оның ішінде 251-і бастауыш сынып, 212-і ағылшын тілі, 224-і технология, 117-і денешынықтыру,  260-ы оқыту орыс тілінде жүргізілетін бастауыш сыныпта сабақ беретін қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері. Қазіргі таңда 64 бастауыш сынып, 87 қазақ тілі, 90 ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері біліктіліктерін арттыруда.

Курс аясында педагогтер оқыту мен оқудың әлемдегі өзекті әдістемелерімен, критериалдық бағалау жүйесімен танысады. Орта білім мазмұнын жаңарту бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының мазмұны мына мәселелерді қамтиды:

  • пәнаралық ықпалдастық;
  • оқытудан күтілетін нәтижелер;
  • үздіксіз оқу;
  • қызметтік тәсіл;
  • минимакс ұстанымы;
  • саралап оқыту;
  • оқу жетістіктерін бағалау жүйесі;
  • үштілді оқыту;
  • шығармашылықты дамыту;
  • психологиялық жайлылық.

Әрбір тыңдаушыға Педагогикалық шеберлік орталығының www.cpm.kz. білім беру порталына қолжетімді онлайн-материалдары бар оқу-әдістемелік кешен беріледі.

Курс аяқталған соң мұғалімдер курстардың өткізілетін орындары бойынша республика өңірлерінде онлайн режімінде тестілеуден өтеді. Тестілеу тапсырмалары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленеді. Тестілеу нәтижелерін өңдеу және тапсыру автоматты түрде өткізіледі.