«ӘР АЛУАН, БІРАҚ ТЕҢ: ҚАЗАҚСТАНДА ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ» жобасы


Барлық балалар талантты және лайықты білім алуға және дамуға құқылы, ал мамандардың уақтылы және кәсіби көмегі өмірді жақсарта алады және кез - келген баланың, әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың лайықты және табысты болашағына мүмкіндік береді.
Облыстық білім басқармасы "Дара" қайырымдылық қорымен бірлесіп "Әр алуан, бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғам құру"жобасын іске асыруда. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.


Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуы мен дамуына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба сондай-ақ, елімізде инклюзивті білім беруді неғұрлым тиімді енгізуге және қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға оң көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.
Жамбыл облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7961-ден астам бала болса, оның ішінде 3229-ы мүгедектігі бар балалар.
Жоба аясында "Дара" Қайырымдылық Қорының қолдауымен Тараз қаласында 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), инклюзивті білім беру ресурстық орталығы, сондай-ақ балалардың инклюзивті ойын алаңы ашылды.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (әрі қарай - ППТК) – бұл ерекше қажеттіліктері бар балалар мен оның отбасының дефектолог, психолог, логопед, тифлопедагог, әлеуметтік педагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ритмика бойынша педагог және басқа да арнайы мамандардың білікті көмегін ала алатын мекеме. Жыл сайын ППТК дамуында түрлі ауытқулары бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алады. Қызметтер балалар мен олардың отбасыларына тегін көрсетіледі. Басты стратегиялық мақсат - мұндай кабинеттер ерекше бала өсіп келе жатқан отбасынан "қадамдық" қол жетімділікте болуы.
ППТК-да балалар білікті оңалту мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, сонымен қатар психологиялық көмек, әлеуметтену және қарым-қатынас жасай алады. Сабақтар қазақстандық, ресейлік және шетелдік озық тәжірибені, оның ішінде заманауи жабдықтар мен дамытушы материалдарды пайдалана отырып, заманауи әдістемелер бойынша өткізіледі.

02-09-2020-1


Түзету кабинетін жабдықтауға ЕДШ залының жабдықтары, Монтессори құралдары, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлар, түрлі логопедтік тренажерлер, дамытушы материалдар мен ойыншықтар кіреді, мамандар үшін әдістемелік кітапхана құрылды, оның ішінде баланың дамуына кешенді бағалау жүргізуге және өткізілетін сабақтардың тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету бар.
Жобаны іске асыру нәтижесінде:
* Жыл сайын орта есеппен ерекше баласы бар 150-200 отбасында 3 айдан 12 айға дейін коррекциялық-дамытушылық оқыту циклінің ұзақтығымен кешенді көмек алуға мүмкіндік бар;
* Аудандар мен Тараз қаласында түзету қызметтерін алу кезегі қысқарады;
* Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу қызметтерінің ауқымы едәуір кеңейеді;
* Осындай тірек орталықтың болуы жақын маңдағы жалпы білім беретін мектептерге ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді белсенді енгізуге мүмкіндік береді, өйткені оларда тиісті дефектолог-мамандардың кәсіби қолдауы пайда болады.
ППТК және басқа да арнайы білім беру ұйымдары желісінің кеңеюінің арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар жалпы білім беретін мектепте өз құрдастарымен бірге оқи алады. Осыған байланысты Қор жалпы білім беретін мектеп базасында Инклюзивті білім берудің ресурстық орталықтарын ашу арқылы инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жұмыс істейді.
2018 жылдан бастап Тараз қаласында №25 жалпы білім беретін мектеп базасында Инклюзивті білім беру ресурстық орталығы жұмыс істейді.
Ресурстық орталық - бұл мектеп кеңістігі және ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар мен қарапайым мұғалімдердің ынтымақтастық аймағы. Ресурстық орталықтың қолдауымен мектепте білім беруге ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді қосу, дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға және олардың ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады. Жоба аясында үйде оқытылатын балаларды әлеуметтендіру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде.

02-09-2020-2


2020 жылы "Дара" Қайырымдылық Қорымен және "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен Масаншы және Сортөбе ауылдарында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары, Қордай ауылында инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылып, сондай-ақ Қордай ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.