ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАРА

Өткен сенбіде Ауқатты ауылдық округіндегі Қызылсай ауылында осы өңірде 1916 жылдың шілде-тамыз айларында болған қанды оқиғалардың жүз жылдығына арналған еске алу жиыны өтті. Ақ патшаның атышулы «Июнь жарлығына» қарсы толқуларда осы ауылда қырылған жүзден аса жазықсыз жанның опат болған орнында және ауыл ортасында ауылдық округ  тұрғындарының күшімен орнатылған жаңа ескерткіш ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, ауданның Құрметті азаматы Бақыт Байтөле, Қызылсай ауылының қариясы Рахымбай Молдашұлы және Ауқатты ауылдық округінің әкімі Данияр Қарымсақов бір ғасыр бұрын қазақ даласын кең қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстармен өзектес Қызылсай қырғыны туралы тебірене сөз сөйледі. Соңынан жазықсыз құрбан болғандардың рухына Құран бағышталды, ат шаптырылып, ас берілді